Body: 

2019 жылдың 13 наурызында Жоғары көлік және коммуникация колледжінің кітапхана қызметкері Мәншүк Омарова «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Тарихи сананы жаңғырту» тақырыбындағы студенттерге арналған ақпараттық-танымдық журналын өткізді.
Ақпараттық-танымдық журналдың бірінші бетінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын, презентация көрсетілімімен таныстырылып, барша халықтың алдында, өз дәуірінде өзгеге үлгі болған, өзіндік мәдениеті мен өмір сүру салтын қалыптастырған көне түркілердің ұрпағы екенімізді мақтанышпен айтуға болатындай ұлтымыздың құндылықтары туралы мәлімет берілді.
Екінші бетінде «Бір ел - бір кітап» акциясының тарихы туралы айтылып, үстіміздегі жылы оқуға таңдалынып алынған Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романының қысқаша мазмұнын суреттейтін буклеттер көрсетіліп, студенттер жазушы туралы зиялы қауымның пікірлерін оқыды. Сонымен қоса, Әбділда Тәжібаевтың қысқаша өмір жолынан мәліметтер айтылып, өлең шумақтары оқылды.
Үшінші бетінде, «Аңыздың ақыры» романының желісі бойынша сұрақтар қойылып интеллектуалдық ойын ойнатылды. Ойынға барлық студенттер белсенді түрде сұрақтарға жауап беріп, романды оқуға қызығушылықтары артқандығын байқатты.
Шара соңында қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы Дюсекова Алия Есенгельдиновна студенттерге Ә. Тәжібаевтың адамгершілік қасиеттері туралы және қазақ жазушыларының шығармаларын оқу арқылы ұлтымыздың тарихымен, мәдениетімен танысуға мүмкіндік алуға болатындығы туралы қорытындылады.

 

 

Г. Жунусова