Body: 





27.06.2022

Ақ жол саған, жас түлек-2022!

Ақ жол саған, жас түлек-2022!
2022 жылы 27 маусым күні Колледж алаңында 2022 жылғы бітіруші түлектерге арналған диплом тапсыру салтанаты өтті.
Бұл түлектер үшін ерекше мереке болды. Музыка әуенімен ортаға қолданбалы бакалавр түлектері бастап шықты. Колледж студенттерінің жұлдызды шеруінің өзінен-ақ, олардың биік мақсатқа өрлеп келе жатқанын сөзсіз жүрекпен ұғып, ерекше қимастықпен қарадық.
Алаңға тек оқытушылар ғана емес ата-аналар, дос-жарандар, құрбылары жиналды. Әдемі шоқ гүлдер мен ризашылықпен қараған жүздері – осының бәрі көңілді толқытып жіберді.
Саяси ғылымдарының докторы, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы, Нұр-Сұлтан қаласы техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері директорлар кеңесінің төрағасы, колледж директоры Гаипов Зулфухар Сұлтанұлы түлектерге сәт сапар тілей отырып, үздік дипломдарды табыстады. Сонымен қатар білікті мамандарды дайындауда қосқан үлесі үшін және өнерлі, белсенді студенттерді тәрбиелегені үшін ата-аналарға зор ризашылығын білдірді.
Салтанатты кеш барысында ата-аналар атынан «Логистика» мамандығының түлегі, колледждің қоғамдық істеріне белсене араласқан, үздік диплом иегері Бостан Нәркестің әкесі құттықтау тілегін білдірді, ал студенттер атынан «Радиоэлектроника және байланыс» мамандығы қолданбалы бакалаврияттың түлегі, Ермекбай Мұхтар сөз сөйлеп, ұжымдағы барша ұстаздарына барлық түлектердің атынан алғысын білдіріп, бас иді.
Мерекелік құттықтаудан кейін бітіруші түлектерге салтанатты түрде колледж дипломы мен колледждің қоғамдық жұмысына белсенді ат салысқаны үшін және үздік оқыған бітіруші түлектерге мақтау қағаздары табысталды.
Биыл колледжімізден 381 түлек бітіріп отыр. Біздің барша қарлығаштарымыздың әлі талай биіктің белестерінен көрінеді. Ақ жол саған, Жас түлек!

Нұрболат Сейтмуратов