Нұрлы жол - болашаққа бастар жол

Нұрлы жол - болашаққа бастар жол

ҚР Мәжілісінің бір топ депутаттары «Қазақстан Республикасы Президентінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру бағытындағы кезекті отырысын «Көлік және коммуникация колледжінде» өткізді.

Болашақ білімді ұрпақтың қолында. Жолдауға өзек болған «Мәңгілік ел» идеясы кемел елдің білімді азаматын тәрбиелеуге қызмет етеді. Осыны ескерген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Әсима Темкеқызы Бимендина, Надежда Михайловна Петухова, Қазақстан Республикасының инвестиция және даму Министрлігінің стратегиялық жоспарлау Департаментінің директоры Берік Темірғалиұлы Бекенов 2014 жылдың желтоқсанның 19 күні колледж мәжіліс залында кездесу өткізді. Кездесуді колледж директоры, профессор Зулфухар Султанұлы Гаипов кіріспе сөз сөйлеп ашты.

– «Биылғы Елбасы Жолдауының білім саласы қызметкерлері үшін де орны ерекше болды. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың дәстүрлі Жолдауында «Мәңгілік ел» қағидасына айрықша көңіл бөлуі тегін емес. «Нұрлы жол» даму бағыты аясында жастардың болашаққа деген сенімін батыл айқындауы – ел болашағын кемел етудің кепілі. Тәуелсіз еліміздің қарыштап дамуы үшін сапалы білімі, саналы тәрбиесі бар отансүйгіш жастар қажет. Біз ұстаздар қауымы әрдайым Көшбасшымыздың әр Жолдауынан тың серпін, жаңа бағыт-бағдар аламыз, – деді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әсима Темкеқызы Бимендина.

– Білімді ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі, болашақтың тірегі жастардың білім саласында толыққанды білім алуына жағдай жасалып отыр. Осының барлығы Елбасының қамқорлығының арқасында», – деді халық қалаулысы Надежда Михайловна Петухова.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында Қазақстанның білім саласына ерекше назар аударып келеді. Болашақ ұрпақ үшін заманауи әдістер мен технологияларды енгізу, білімге қолжетімділікті кеңейту, білім сапасын арттыру Қазақстанның одан әрі қарыштап дамуына үлкен үлес қосады, – деп толықтыра түсті Қазақстан Республикасының инвестиция және даму Министрлігінің стратегиялық жоспарлау Департаментінің директоры Берік Темірғалиұлы Бекенов.

Халық қалаулылары өз сөздерінде Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында білім және ғылым саласына көңіл бөлінгенін ерекше атап өтті. Жастар саясаты, болашақ ұрпақтың кемелденуіне жасалатын қамқорлық деңгейі артып отырғаны сөз болды. Сондай-ақ, денсаулығын нығайту, білімін жетілдіруге жасалып отырған ұлан-ғайыр жұмыстар жайлы жан-жақты баяндап берді. Жолдауда белгіленген жұмыс ауқымын жүзеге асыра білу әрбір қазақстандықтардың парызы. Қазақстанның гүлденуі мақсатында алыс-жақын елдермен қатынас жасаудың түйіні теміржол, автокөлік және әуе қатынастары арқылы дамитыны аян. Сол бағыттағы белгіленіп, ақтарылып жатқан тың жобалардың нәтижесі талдап түсіндірілді. Бұл іске болашақта осында отырған жастардың да ат салысатынын еске салды. Ұстаздар қауымына үкімет пен депутаттар тарапынан қолға алынып жатқан көптеген игі қадамдар бары жайлы естіген оқытушылар мен студент-жастар ризашылықтарын білдірді.

Депутаттарға ұстаздар қауымы көптеген сауалдар қойып, лайықты жауаптар алды.

Кездесу соңында ҚР Мәжілісінің депутаттары ұстаздар қауымының жеке өтініштеріне байланысты қабылдау өткізді.

А.Мурзабаева

«Елі сүйген, елін сүйген Елбасы»

ҚР Президентінің «Нұрлы жол – болашаққа жол» жолдауы колледж ұжымында асқан ықыласпен қабылданды. Сол Жолдаудан туындайтын міндеттерді басшылыққа ала отырып, ұйымдастырылған мерекелік іс-шара жүзеге асырылды. Солардың бірі, 1-желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін» салтанатты түрде атап өту. 70 жылдық тарихы бар Астана қ. «Көлік және коммуникация колледжінің» дағдысына айнала бастады.

Осындай игі жұмыстар нәтижесінде 28 қарашада «1-желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні» құрметіне арналған іс-шараның аясында «Жылжымалы құрамның электрлік схемалары аудиториясы», «Электровоз тренажеры», «Токарлық шеберхана» және Конференц-залдың тұсау кесер рәсімі болып өтті.

Іс-шараға көңілі толып, толқыған қарт-ұстаз, бұрын осы колледжде бірнеше жыл сабақ беріп, директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары болған Леонид Петрович Титенков құттықтау сөз сөйлеп, алғысын білдірді.

Мұнан соң меймандар коледждің мәжіліс залында өткен Қазақстан Мемлекетінің Тұңғыш Президенті күніне арналған «Елі сүйген, елін сүйген Елбасы» атты әдеби-музыкалық кешке қатысып, жастардың өнерін тамашалады.

Студенттер хорының орындауында «Көлік және коммуникация колледжінің» Гимні шырқалды. Мың бұралған «Кербез» би тобының бишілері «Тарту» биімен сана сәнін енгізді. Колледж көркемөнепаздарының жетекшісі, сазгер Толқын Нұртасқызының «Жан аға» әнін нәшіне келтіре орындаған Айдана Жеңістің үні сүйер қауымды желпіндіре түсті. Темірлан Ұзақбай шырқаған «Көк тудың желбірегені..» әні көрермен қауымның жігерін ұштай түсуімен есте қалды.

Осы іс-шара аясында өткен коледж студенттерінің жыр додасы «Мүшәйраға» алдын ала тапсырыс берген жиырмаға тарта үміткер жас ақынның он алтысы іріктеліп бауқауға қатысуға жолдама алған-ды. Солардың арасынан он бір ақын сахнада өлең оқыды. Әдеби кештің жыр додасына арнайы шықырылған қадірлі меймандар жас ақындар қадамын ыстық ықыласпен қабылдады.

Әділ қазылар шешімімен жеңімпаздарды директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Тоты Тілеулесқызы Әбдікаримова мен қарт-ұстаз Леонид Петрович Титенков марапаттады. Бас бәйге Өскенбаев Құрбанбайдың қанжығасына байланса, жүлделі І орын Өмірсерік Жанеркеге бұйырды. І, ІІ, ІІІ-дәрежелі Дипломдармен Байболат Дәуренбек, Еркебұлан Өмірбекұлы, Канафина Мейрамгүл, Арман Садуқасов марапатталды. Өзгелері «Көрермен көзайымы», «Көрермен ықыласы» номинациялары бойынша сый-сияпатқа бөленді. Жыр-додасы «Мүшәйраға» тілек білдірген ақындардың өлеңі оқырмандар қолына жеке жинақ болып тиді.

Шара соңында «Атамекен» әнін нақышына келтіріп орындаған әнші Қаныш Әкімовке жұртшылықтың ризашылық ерекше байқалды. Жастардың патриоттық сезімдері мен өнеріне көрермен жиі қол соқты.

Бұл кештің Мүшәйрасы мәреге жеткенімен, алда «16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні» мерекесі келе жатыр. Онда да осындай қызу қанды ақындар додасы боларына үміттенеміз.