Body: 





22.06.2022

Ақ жол саған, жас түлек-2022!

Ақ жол саған, жас түлек-2022!
2022 жылы 22 маусым күні Колледж алаңында түлектердің бірінші бөлігіне диплом табыстау салтанатты жиыны өтті.
Бұл түлектер үшін ерекше мереке болды. Музыка әуенімен ортаға топ жетекшілері бастаған түлектер келді. Колледж студенттерінің жұлдызды шеруінің өзінен-ақ, олардың биік мақсатқа өрлеп келе жатқанын сөзсіз жүрекпен ұғып, ерекше қимастықпен қарадық.
Мерекелік құттықтау сөз саяси ғылымдарының докторы, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы, Нұр-Сұлтан қаласы техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері директорлар кеңесінің төрағасы, колледж директоры Гаипов Зулфухар Сұлтанұлына берілді. «Құрметті колледж түлектерінің ата-аналары! Сіздердің өсірген балаларыңыз бүгін, өздерінің үлкен нәтижелерін көрсетіп, диплом алып отыр. Оның өзі сөзсіз үлкен мақтанышқа лайық. Жас түлек бүгінгі дипломдарыңыз құтты болсын» - деп ақ тілегін жолдады.
Сондай – ақ салтанатты мерекеде колледжіміздің әлеуметтік серіктестіктері, ата-аналар және бітіруші студенттер құттықтау сөздерін айтып, ақ жол тіледі.
Барша ата – аналар қауымы атынан құттықтау сөзді 4ПМ-218 тобының бітіруші түлегі Шүкіров Рахаттың анасы Назырова Алма Айтжанқызы сөз алып, ақ батасын берді.
Бітіруші түлектер атынан 4ЭМ-418 тобының түлегі Құрманаева Әсел колледж ұжымына алғысын білдіріп, түлектерге сәт сапар тіледі.
Мерекелік құттықтаудан кейін бітіруші түлектерге салтанатты түрде колледж дипломы мен колледждің қоғамдық жұмысына белсенді ат салысқаны үшін мақтау қағаздары табысталып, фотосуретке түсумен жалғасты.
Алаңға тек оқытушылар ғана емес ата-аналар, дос-жарандар, құрбылары жиналды. Әдемі шоқ гүлдері, ризашылықпен қараған жүздері – осының бәрі көңілді толқытып жіберді.
Биыл колледжімізден 381 түлек бітіріп отыр. Біздің барша қарлығаштарымыздың әлі талай биіктің белестерінен көрінеді. Ақ жол саған жас түлек!
Ералханұлы Арнұр