Body: 

2016 жылы ақпанның 16 күні колледждің мәжіліс залында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдығына орай жыр әлеміне, өмірі мен шығармашылығына арналған «Ғасырда бір туатын дарабоз» атты әдеби-музыкалық кеш өтті. Қара өлеңімен халқына өшпес мұра қалдырған Мұқағалидың туған күні жыл сайын атаусыз қалмайды. Биыл да оның шығармашылығын сүйіп оқитын оқырманы жиналып, жырдан сусындады.

Кештің сыйлы қонағы «Дарын» жастар сыйлығының иегері Нұрбол Балапанов Мұқағалидің сырлы сазы «Сәби болғым келеді» әнін орындады.

Аталған кеште Мұқағалидің әртүрлі кезеңдерде жазылған сазды да, мәнді жырлары шырқалды. Кешке колледждің 2 ЭТХ-214 тобының студенті Балтабай Сағынжан Мұқағалидің образын сомдап айбынды ақынымыздың күнделігінен үзінді оқып, өнер көрсетті. Сонымен қатар, 1 курс студенттері Мөлдір Құрбантегі «Жазылар естеліктер мен туралы», Асия Жахан «Өмір жайлы», 2 курс студенттері Құрбанбай «Қазақстан», «Досым саған сенемін» Елубаева Мейірім, Тұрғынбай Мұхамедали «Достық» өлеңін оқыса, Ұлтан мен Айгүл «Махаббат диалогын» орындады, Ақылбек «Фариза», Жетекбай Бибарыс «Шеше сен бақыттысың!», Бейсен Рүстем «Сезбейсің ғой сен мені», Біржан Игіліков «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді оқып берді. «Жалғасы бар жырымның, жалғасы бар» деген туындыны оқи отырып, Бақберген Қамар «Мұқағали Мақатаев көз жұмған жоқ, ол әрқашан жыр сүйер қауыммен бірге» деген ой тастады. Мұқағалидың сөзіне жазылған, дархан жүректен шыққан Нұрғиса Тілендиевтың «Саржайлау» әні Анисова Меруерттің орындауында көрерменге ұсынылды.

Кеш соңы жыр сүйер қауымына естелік ретінде ақынның өз қаламынан туындаған әдемі «Есіңе мені алғайсың» атты әнінің орындалуымен аяқталды.

«Айтылар естеліктер мен туралы,

Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.

Біреулер тұлпар еді деуі мүмкін,

Бүтінделмей кеткен бір ер тұрманы.»


Мукажанова А.О.