Body: 

2018 жылдың 13 сәуір күні Колледж және коммуникация колледжінің Акт залында дәстүрге айналған 12 сәуір- Ғарышкерлер күніне орай «Ғарыш әлемі» атты мерекелік концерт өтті.

ХХ ғасыр. Тарлан тарихқа төңкерістер дәуірі, адамдар психологиясындағы арпалыс, қырғи-қабақ соғыс жылдары, атом дәуірі деген аттарымен енген бұл кезеңнің біздің халқымызға берген екі үлкен сыйы бар. Оның біріншісі – қазақ елінің ұйытқи соққан замана желінің қатал да қатыгез екпініне қайыспай шыдас беруі арқылы «Мың өліп, мың тіріліп» жүріп, өз тәуелсіздігін жеңіп алуы болса, екіншісі – «ай нұрын ұстап мінсе де, қызыққа тоймас адамзат» деген балалар арманы орындалып, ғарышқа қазақ ұланының барып қайтуы. Олар Қазақстаннан шыққан тұңғыш ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев.

Ал 2015 жылы 2 қыркүйек күні Тәуелсіз Қазақстанның атынан ғарышқа ғарышкер Айдын Айымбетов ұшты.

Мерекелік концертті колледж директорының оқу ісі-жөніндегі орынбасары Есенбекова Алтынай Есенбековна құттықтау сөзімен ашты. Концерттің шымылдығын ақын Аманжол Әлтаевтың «Тоқтар Әубәкіровке» арнаған өлеңін Қаржаубай Елдос шебер орындады. Концертте колледж өнерпаздары: Адал Асхат Төреғали Төреәлінің «Байқоңырым», Айнұр Ысқақова А.Пахмутованың «Надежда», Клейн Кристина А.Пахмутованың «Нежность» атты әндерін орындаса, «Тұмарым» би тобы «Қазақ биін» ұсынып, Турдибаев Медет Құрманғазының «Сарыарқа» күйін тарту етті. Ал Қаратай Санжар болса «Мой Байконур» әнімен концерттің шымылдығын жапты. Мерекелік концерттің соңы естелік суретке түсумен аяқталды.

Н.Сейтмұратов