Body: 

2018 жылдың 11 желтоқсанында Астана қ. «Көлік және коммуникация колледжі» МКҚК С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, ф.ғ.д., «Мәшһүртану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Тұрышев Айтмұхамет Қасымбайұлымен «Ұлы даланың данасы-Мәшһүр Жүсіп» тақырыбында кездесу өткізілді. Профессор Айтмұхамет Қасымбайұлымен кездесу «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасы оқытушылары Сапаров Б. және Ахметова А. бастамасымен ұйымдастырылды. Дәріске колледж оқытушылары мен студенттері қатысты.
Кездесу колледж директоры З.Гаиповтың құттықтау сөзімен ашылды. Директор өз сөзінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына тоқталып, оның Отанын сүю және елжандылыққа тәрбиелеуге бағытталғандығын, өз мәдениеті мен дәстүрін, тілін сақтауға, тарихын оқуға насихатталған мақала екендігін айтып өтті.
Айтмұхамет Қасымбайұлы өз сөзін Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жарқын ұлттық тарихи ғылымы туралы әңгімесінен бастады. Ғалым Мәшһүр Жүсіптің қазақ халқының халық ауыз әдебиетінің сақталуына зор үлес қосқандығын, бай шығармашылық мұрасы туралы әңгімеледі.
Профессор сөзін Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласымен байланыстырып жалғастырды.
Іс-шара соңында қонағымыз Қазақстанның әдеби мұралары Қазақстанның «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жинақталған көрнекті ғалым, ойшылдардың еңбектерінің жинағын колледж кітапханасына сыйға тартты.


А.Ахметова