Body: 

1 мамыр – Қазақстан Республикасы Халықтарының Бірлігі күні қарсаңында 2019 жылғы 29 сәуір күні колледжімізде «Достық әнін шырқайық» атты мерекелік концерт өтті.
Іс-шараның шымылдығын ашқан колледж директоры Зулфухар Султанұлы мерекенің шығу тарихына тоқтала келе бұл мерекенің еліміздің бірлігі мен болашағының кепілі екенін айтты. Құттықтау сөз барысында ұжым басшысы колледжде бірнеше ұлт өкілдерінің тату-тәтті еңбек етіп, алдарына қойған мақсаттарына бірге жетіп жатқандарын тілге тиек етті. Мерекелік құттықтау сөз сөйлеген Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халық ассамблеясының жастар қанатының кураторы Ганиев Айбек Асқарұлы колледж ұжымын халықтар достығы мерекесімен құттықтап, табыс пен молшылық тіледі. Мереке қарсаңында колледжіміздің мерейін үстем етіп жүрген ұстаздарымызбен студенттеріміз директордың қолынан марапат алды. Кеш барысында республикалық байқаулардың лауреаты Гүлдана Ғазизханның шырқаған франсуз әні көрермендердің ықыласына бөленсе, колледжіміздің түлегі Руслан Кадыровтың шәкірттерінің билеген «Кавказ» биі жиналған қауымның көңілін бір көтеріп тастады. Мың бұралған бишілердің орындауындағы қазақ, өзбек, украин билерінен кейін сахна төріне шыққан республикалық байқаулардың лауреаты, саксофоншы Сәндібек Амановтың өнері көрермендерді таңғалдырды. Әсем әнмен және көркем бимен өрнектелген кеш барша қауымның көңілінен шықты.

Бақыт Ұланбек