Body: 

04.06.2019 жылы колледжде еліміздің ұлттық рәміздер күніне арналған «Рәміздерім мақтанышым» атты мерекелік іс шара өтті. Айбарымызға айналып, рухымызды көтерген ән ұранымыз, ұлттығымызды ұлықтаған елтаңбамыз бен көгімізде желбіреп бар қазақтың мақтанышына айналған көк туымызды әспеттеген іс шараның шымылдығын колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлы ашты. Директор өз сөзінде еліміздің ресіми белгісі болған рәміздерімізді құрметтеп қастерлеу бар қазақстандықтың және оны өз отаным деп білетін әр бір азаматтың туған ел алдындағы перзенттік борышы екенін айтты.
Студенттерді мерекемен құттықтай келген Сармат клубының каратэшілері көрермендерге арнап спорттық қойылымдарын ұсынды. Каратэнің әдіс тәсілдерін орындап, ағаш тақтайларды жалаң қолмен сындырған жас спортшыларға барша көрермен мол қошеметін көрсетті.
Мереке қарсаңында колледжіміздің жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған дарынды жастары марапатталды. Колледждегі қоғамдық және мерекелік іс шараларға белсене қатысатын студенттерге директордың алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар қалалық, республикалық және әлемдік деңгейде колледжіміздің мерейін үстем етіп жүрген спортшыларымызды марапаттау рәсімі өтті. Командалық есеп бойынша волейболдан, баскетболдан, мини-футболдан және жазғы Президенттік көпсайыстан, қысқы көпсайыстан өткен қалалық жарыстардың қыздар және ұлдар арасындағы жүлдегерлерімен жеңімпаздары марапатталды. Сондай ақ тоғызқұмалақпен шаңғымен жүгіруден өткен қала жеңімпаздарына қоса қаламыздың қазақ күресі чемпионатын сегіз дүркін ұтқан командамыз марапатталды. Кёкушинкай каратэ-доден өткен Әлем чемпионатынан 2-орын, Ресейдегі халықаралық турнирден 1-орын, Қазақстан чемпионатында 1-орын иеленген 1ППС-218 тобының студенті Еркебайұлы Нұрсұлтан, панкратионнан халықаралық турнирдің жеңімпазы, жекпе жектен ҚР-ның чемпионы 3ЭН-216 тобының студенті Жақсылықов Бекзат, жасөспірімдер арасында өткен белбеу күресінен әлемнің екі дүркін чемпионы, қазақ күресінен ҚР-ның чемпионы және кубок иегері 4С-215 тобының студенті Сейтенов Жандос марапатталды. Жезтаңдай әншілермен мың бұралған бишілер шараның көркін қыздырып, қатысушылармен марапат иелеріне керемет көңіл күй силады. Кеш фотосуретке түсуімен аяқталды.

Бақыт Ұланбек, Байдильдин Ерхан