Body: 

Ұлт ұстазы, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне және қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдық меретойына орай, Қазақстан Республикасының Тілдері күні мерекесі аясында 13-28 қыркүйек аралығында «Қазақ тілі және әдебиеті», «Орыс және ағылшын тілдері» кафедраларының «Тіл – ел байлығы» тақырыбында дәстүрлі шығармашылық апталығы өтті. Апталық студенттердің шығармашылық қабілеттерін арттыру, тілдерге деген қызығушылықтарын дамыту, ой-өрісін кеңейту, ынталандыру, сөз өнері мен әдебиетке деген сүйіспеншіліктерін арттыру мақсатында өткізілді.
Апталықтың алғашқы күнінде «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттың рухани көсемі» тақырыбында кітапханада кітап көрмесі өтті. Студенттер Ахмет Байтұрсыновтың шығармаларымен танысты. «Ахмет Байтұрсынұлы -қазақтың ұлы ағартушысы» 1 курс студенттері арасында эссе жазу шығармашылық сайысы ұйымдастырылды. 1-2 курс студенттері шығармашылық жұмысқа белсене атсалысты.

«Қазақ тілі және әдебиеті», кафедра оқытушылары А.К.Орынбаева, А.Е.Дюсекова 1 курс студенттерімен «Қазақстандағы білім ошақтары. Қысқарған сөздердің емлесі мен орфоэпиясы» және «Отбасы бюджетін жоспарлау. Терминдер», тақырыбында қазақ тілі пәнінен ашық сабақ өткізді.
Алимова С.А, Рахымова М.Т. «Ресми іс қағаздарының ауызша және жазбаша формалары» тақырыбында қазақ тілі және мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу пәндерінен кіріктірілген ашық сабаққа бейне сабақ түсірілді.
Апталықтың соңында аталған кафедралардың оқытушылары Л.Қ.Нығыметова, Г.Т.Базилбаева, А.А.Калиакпарова, Н.З.Негметжанованың ұйымдастыруымен 1-2 курс студенттері арасында Қазақстан Республикасының Тілдері мерекесіне орай және Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы даланың ұлы перзенті – Абай» әдеби сазды кеші өтті.

Ерекшелігі, Абай өлеңдері үш тілде оқытылып, қара сөздерінен ағылшын тілінде қойылым көрсетілді. Концерттік бағдарламада студенттер өлең оқу шеберліктерін таныта отырып, Абай шығармашылығына байланысты қойылымдарға қатысып, Абай әндерін де ерекше ниетпен орындады.
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының шығармашылық кеші, Тілдер апталығында өткен барлық іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды дей отырып, ол студенттердің әдебиетке, қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне деген қызығушылықтарын арттырып, білімдерін кеңейтуге және тереңдетуге арналған қосымша құрал деп үміттенеміз.

Нығыметова Л.К.