Body: 

2019 жылдың 16 қазанында Жоғары көлік және коммуникация колледжінің №1 студенттер үйінде белсенділердің қатысуымен салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында «Дене тәрбиесі, спорт және денсаулық!» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру – қазіргі уақыттағы ең көкейкесті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл мәселенің маңыздылығы – қоғамымыздың әлеуметтік жағдайына, экологиялық жағдайдың нашарлауына, жастардың өзара денсаулығына жауапкершіліксіз қарауы себептеріне байланысты арта түсуде. Адамның өз денсаулығына көзқарасын өзгертуі, ең алдымен, тәрбиелік мәселе болып табылады Іс-шараның мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын сақтау, жалпы денсаулық туралы түсінік беру. Денсаулықтың негізі қимыл, спорт, дұрыс тамақтану, таза ауада жүру екенін, салауатты өмір салты – адамның кәсіби-тұлғалық дамуының шарты екендігін студенттерге ұғындыру.Жатақхана белсенділері: Теміржанова Н., Алип А., Қойшанова А., Сейлханова А., Капсамина М., Серікқызы К., Аханова Г. арнайы дайындаған презентацияларға сүйене отырып, баяндамаларын қорғады.Жастар салауатты өмір салты - жеке бас гигиенасы, дене шынықтыру, тиімді тамақтану, оңтайлы қимыл тәртібі, зиянды дағдылар мен құмарлықтан (темекі тарту, алкоголь, есірткі заттарын қолдану, т.б.) бас тарту, жағымды эмоциялар екендігін атап көрсетті.Дөңгелек үстел барысында студенттер түрлі маңызды сұрақтарды талдап, белсенділік танытты. Келешегінен үміт күткізіп отырған бүгінгі жастар - ертеңгі қоғам иелері. Жастары әлсіз, денсаулығы нашар, білімсіз, зиянды әдеттерге әуес, тәрбиесіз болса ол мемлекет қашанда әлсіз, қорғансыз. Сондықтан, қоршаған ортаны сақтай отырып, таза су ішіп, дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын тұрақты қалыптастыру - болашақтың жарқын кепілі екенін мәлімдеді.

А.Туралиева