Body: 

2019 жылдың 25 қазанында байланыс және ЕТБҚЕ бөлімінің ұйымдастыруымен колледждің 75 жылдық мерейтойына арналған «Самғатқан сан қыранды - алтын ұям» тақырыбындағы мерекелік концерт өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты - жастарда патриоттық сезімдерін, Отанға және оқу орнына деген сүйіспеншілігін тәрбиелеу.
Құттықтау сөз алған директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мырзагалиева Гүлмира Ғалиасқарқызы барша қауымды колледжіміздің айтулы мерекесімен құттықтады. Мерекелік концерт ұйымдастырып отырған электрбайланыс және ЕТБҚЕ бөлімінің басшысы Далабаева Айгүл Тұяққызына, бөлімдегі кураторлар мен студенттер қауымына әкімшілік атынан алғысын жеткізді. Салтанатты кешке келген колледждің озат түлегі Сатуов Жандос және Тарасова Екатерина жас өрендерге, колледж ұжымына өзінің ыстық ықыласы мен құттықтауын айтты.
Бұл кеш колледждің 75 жылдығына бөлімдерде жоспарланған іс-шаралардың алғашқысы болуымен ерекшеленді. Сахнаға жаңадан қабылданған талантты студенттердің шығуы назардан тыс қалмады. Электрбайланыс және ЕТБҚЕ бөлімінің студенттерінен құрылған өнерлі топ ұсынған әндер мен билер көрермен көңілінен шықты. Колледждің «Байланыс жігіттері» КТК командасы қызықты әзілдерімен залды қыздыра түсті. Алтын ұясы - колледжіне арнап ақындар шығармаларын оқыса, домбырашылар күйлерін тарту етті.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» деп ата-бабаларымыз айтқанындай, кеш жаңа өнерпаздар мен талант иелерін көрерменге паш еткен, селт етерлік шара болды.

Бөлім меңгерушісі А.Т.Далабаева