Body: 

2019 жылдың қараша айының 15 жұлдызында Елбасының жарлығымен «Жастар жылы» болып жариялануына және атаулы жыл бастау алған колледжіміздің 75 жылдық мерей той қарсаңында студенттердің қатысуымен «Мамандығым мақтанышым» атты сайыс өткізілді. Жастарды бәсекеге қабілеттіліктерін арттыру, өзара тәжірибе алмасу, талантты жастарды анықтау, отансүйгіштігін және азаматтық белсенділігін арттыру, мамандық туралы түсініктерді кеңейту сынды құндылықтар жарыстың басты мақсаты болды.Байқауға 12 мамандық бойынша білімді әрі талантты, өз мамандығының хас шеберлері қатысты. Байқаудың шарты бойынша сайыскерлер таныстыру, сұрақ-жауап, мен қалаған мамандық және соңғы сайыс өз өнерлерін көрсету бойынша сынға түсті. Өз мамандығын мақтан тұтатын сайыскерлер әсіресе сұрақ жауап пен мен қалаған мамандық бөлімдерінде шашаларына шаң жұқтырмады. Қойылған сұрақтарға барлығы дерлік дұрыс әрі нақты жауап беріп қазыларды таңғалдырса, өздерінің бұл мамандықты не үшін таңдағанын баяндайтын бөлімде өз салаларының шын жанкүйер мамандары екенін таныта білді. Ұстаздарынан сапалы білім алғанын дәлелдеген сайыскерлер өз өнерлерін көрсету бөлімінде де жұлдыздай жарқырады. Бірі жырдан шашу шашса енді бірі әнімен жиналған халықтың көңілін көтерсе, топтап достарымен бірге мың бұрала билегендері де болды.
Жүйрікті жүйрік озар жарысқанда дегендей, әр мамандықтың мықтыларын марапаттау сәті де келіп жеті. Сайыс қортындысы бойынша әділ қазы алқасы бас жүлдеге ерекше өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық қошаметіне ие болған 2РЭС-418Б тобының студенті Сәйпідін Ерханды лайық деп тапты. Ал колледждің 3 курсында оқитын 3Д-217 тобының студенті Мизамбаева Ләззат 1 орынды иеленсе, 2ППС-218 тобының студенті Сагитов Фархад 2 орынды қанжығасына байлады. 3 орынды 4ПМ-216 тобы Демегенов Ғасырбек пен 3ЭТХ-117 тобынан Кашанов Жансейіт бөлісті. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен бағалы заттар табысталып, қазылар алқасы студенттерге тартысты сайыс көрсеткендері үшін зор алғысын білдірді. Кеш соңы естелік суретке түсумен аяқталды.

Көркемдік жетекші Сейтмұратов Н.С.