Body: 

2019 жылдың 29 қарашасында Жоғары Көлік және коммуникация колледжінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай колледж студенттері және оқытушыларының қатысуымен «Қазақстан-2030» стратегиясы – ел дамуының бір белесі» атты дөңгелек үстел болып өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың 1997 жылдың 11 қазанында жариялаған «Қазақстан-2030» стратегиясында айқындап берген экономикалық дағдарыстан шығу жолдары, реформаларды аяқтау, алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына қосылу, Қазақстан барысын қалыптастыру және де мемлекеттік шаралардың нақты жоспарларын әзірлеуге негіз болған ел дамуының жеті шешуші бағытының табысты аяқталғанын түсіндіру.

Шараны ұйымдастырған колледж оқытушысы Ж. А. Кенжебеков өзінің алғы сөзінде Қазақстанның белгілі тарихы мен болашағы бар еуразиялық ел екеніне, оның моделі басқа ешкімнің моделіне ұқсамайтынын және оның өз бойына әртүрлі өркениеттердің жетістіктерін сіңірген өзіндік экономикалық стратегиясы бар мемлекет екеніне тоқталды.

Сондай-ақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы Н. Ә. Назарбаев ұсынған «Қазақстан-2030» стртатегиясында көзделген ұлттық бірлікке, әлеуметтік әділеттілікке, бүкіл жұртшылықтың экономикалық әл-ауқатын жақсартуға қол жеткізу үшін тәуелсіз, гүлденген және саяси тұрақты Қазақстан мемлекетін орнату мақсатының орындалғаны мен басты жетістіктерін айтып өтті.

Колледж студенттері аталмыш іс-шараға белсенді атсалысып, нақты мәліметтермен «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануы елде нарықтық экономиканың қалыптасуын, демократиялық бағыттағы құқықтық және әлеуметтік мемлекеттің құрылғанын, оның ішкі тұрақтылығын анықтап берді.

«Радиоэлектр байланысы» қолданбалы бакалавр және «Электр менеджмент» мамандықтарының студенттері «Қазақстан-2030» стратегиясының жеті бағыты бойынша баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды.
Колледж оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Б. Т. Сапаров шараны қорытындылаған сөзінде:
– Еліміздің ендігі даму көкжиегі Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Қазақстан халқына Жолдауы – еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік саладағы серпінді дамуының кепілі. Бүгінде дамыған 30 елмен тереземізді теңестіру үшін көптеген экономикалық және әлеуметтік тұрғыдағы кедергілерден өтуіміз қажет. Экономиканы құру, инфрақұрылым мен әлеуметтік саланы, сондай-ақ денсаулық және білім беру саласын дамыту – жас мемлекеттердің алдына қойылған мақсаттардың кішкене бөлігі ғана. Осыған орай, елдің дамуын сауатты стратегиялық жоспарлаудың маңызы зор. Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясы барша жастарымызды бір мақсатқа, ортақ мүддеге жұмылдыратын ұранға айналуы тиіс. Осыдан әрқайсымыз ой түйіп, Тұңғыш Президентіміз айтқандай қазақ елінің мәңгілік болуына аянбай еңбек етуіміз керек. Елбасы белгілеп берген «Қазақстан-2050» Стратегиясы – ұлттың ұлы бағдары. Елулікті еңсердік, енді дамыған отыз мемлекеттің қатарына енуді мұрат етіп отырмыз. Осы Стратегияны мүлтіксіз орындап, сынақтан мүдірмей өту – біз үшін ортақ парыз, абыройлы міндет».