Body: 





#ANTIKORLIFE жобасы аясында "Коррупцияға қарсы күрестегі адами құндылықтар: адалдық, парасаттылық, әділдік және адамгершілік"

23 сәуір күні Жоғары көлік және коммуникация колледжінің ұйымдастыруымен ҚР-ның мәдениет қайраткері, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты, Жазушылар одағының мүшесі, "Ыбырай Алтынсарин" медальінің иегері, жазушы Толымбек Әбдірайыммен #ANTIKORLIFE жобасы аясында "Коррупцияға қарсы күрестегі адами құндылықтар: адалдық, парасаттылық, әділдік және адамгершілік" тақырыбында онлайн кездесу өткізілді.
Онлайн кездесудің шымылдығын ашып берген Нұр-Сұлтан қаласы ТКББ ұйымдары директорлар кеңесінің төрағасы, Жоғары көлік және коммуникация колледжінің директоры Зулфухар Сұлтанұлы алтын уақытын бөліп жастарға рухани азық болатын, ұрпағымызға мәнді ой беретін кездесуді өткізуге келісім берген кеш қонағына алғысын білдіріп, коррупцияның ел дамуына тигізер орасан зор зиянын тілге тиек етті. Адалдық, парасаттылық, әділдік және адамгершілікті ту еткен дана халқымыздың ежелден келе жатқан тиымдары қоғамды тек жемқорлықтан ғана емес, әр түрлі жаман әдеттен алшақ болуға тәрбиелейтін үлкен мектеп екенін айтты.
Сұрақ жауап түрінде өткен онлайн кездесуде Толымбек ағамыз халық даналығы мен қасиетті дініміз исламды мысалға келтіре отырып, қарапайым тілде көрермендермен сұқбаттасты. Адалдық, парасаттылық, әділдік және адамгершілік деген терминдерді жан жақты талдай отырып, жастарға сыбайлас жемқорлықтан алшақ болуды ескертті. Жемқорлық деген жаман әдеттің дінде күнә, ұлттық тәрбиеде ұят қасиет екенін жіліктеп түсіндірген жазушы, хәкім Абайдың өлеңдерін мысал етіп сөзін қортындылады.
Жоғары көлік және коммуникация колледжінің ұстаздары мен студенттері кездесу қонағына әр түрлі сұрақтар қойып, бір сағат бойы өткен шарадан рухани һәм тұлғалық сабақ алып, жазушы ағаларына зор алғыстарын білдірді.



Жастар комитетінің инспекторы Бақыт Ұланбек