Body: 





«Ел мен ердің жеңісі» атты мерекелік концерт

6 мамыр күні Жоғары көлік және коммуникация колледжі 7 мамыр Қазақстан Қарулы күштерінің мерекесіне және 9 мамыр Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 76 жыл толуына орай қашықтықтан «Ел мен ердің жеңісі» атты мерекелік концерт өткізді.
Мерекелік құттықтау сөзінде колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлы қатысушыларды Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 76 жыл толуымен және Қазақстан Қарулы күштерінің төл мерекесімен құттықтай келе: «Ұлы жеңісті жақындатқан ардагерлердің алдында жас буын қашан да қарыздар, сол үшін де ардагерлерімізді ардақтау біздің басты міндетіміз»- деді. Тәуелсіздік алғалы Отанымыздың шекарасын қас қақпай күзетіп, бейбіт елдің берекелі өмірін тыныштыққа бөлеген азаматтарымызға алғысын жеткізді.
Директордың құттықтау сөзінен кейін колледждің бірқатар ұстаздары мерекелік марапат иелері атанды. 4-сәуір күні «Жас Ұстаз» жатақханасында болған өрт кезінде, тілсіз жаудан қаймықпай, қара басын қатерге тігіп ерлік көрсеткен колледжіміздің арнайы пәндер оқытушысы Галимов Эльдарға директордың «Алғыс хаты» табысталды. Марапаттау рәсімінен соң З.Гаиповтың сөзіне жазылған Т.Нұртасқызының әні «Колледж гимні» Н.Сейтмұратовтың орындауында шырқалды.
Колледж өнерпаздарының орындауында әсем әнге ұласқан мерекелік концерт «День победы» әнімен шымылдығын жапты.
Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін!



Жастар комитетінің инспекторы Ұ.Бақыт