Body: 

1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. Бұл күн - әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі.

Халық бірлігі мерекесі күні ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихы мен оның сабақтарын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді.

Осы шуақты мереке қарсаңында колледжімізде мерекелік концерт өтті. Мерекелік концерттің ашылу салтанатын колледж директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Жунуспеков Өміргүл Хамзаұлы құттықтау сөздерімен бастап, тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздегі бейбітшілікті сақтауға зор көңіл бөліп отырғанын, соның арқасында Қазақстан көптеген елдерге бірлік пен ынтымақтастықтың үлгісі болып отырғанын атап көрсетті.

Тәуелсіздік алған жиырма бес жыл ішінде халықтар арасындағы татулық пен ынтымақ еш бұзылмай, түрлі ұлт бір шаңырақ астында бақытты өмір сүріп келді. Бүгінге дейін түрі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір, діні басқа ділі бір жүз отыздан астам ұлт өкілдері Қазақ елін өз туған жұртындай көріп, еш жатсынбады. Бұның барлығы біздегі берік саясаттың үлкен жетістігі. Түрлі ұлт өкілдері мекен ететін елімізде өзге ұлт өкілдеріне қолдау көрсету мақсатында көптеген іс шаралар да жүзеге асуда. Осы мақсаттта Қазақстан халықтары ассамблеясы да өз жұмысын үздік атқаруда. Халық бірлігінің арқасында әлемдік дағдарысқа мойымай, дамуға бет алды. Еліміздің басты қорғаушы күші–қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімді сақтау–Қазақ елінің алдында тұрған басты міндет.

Мерекеге сай безендірілген колледждің мәжіліс залында салтанат пен мерекенің әсері қалықтап тұрды. Залда отырғандарды көптеген жағымды жаңалықтар күтіп тұрды.

Концерттік бағдарлама өзінің әр алуан репертуарымен қызықтырды: халық билері, әр түрлі тілде орындалған әндер мен өлеңдер көрермендерді түрлі әсерге бөледі. Мереке келген қонақтар мен қатысушылардың есінде ұзақ сақталатындай деңгейде өтті.

Осындай шаралар әр ұлттың студенттерін бірімен кездесіп, араласып, басқа ұлттың құндылықтары мен олардың салт-дәстүрлерін сыйлауға тәрбиелейді.

Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, қашан да ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін!


Р.С.Ермаханова