Body: 

2016 жылдың 9 желтоқсанда Көлік және коммуникация колледжінің №1 жатақханасында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – біздің байлығымыз!» атты мерекелік кеш өткізілді.

Мерекелік кештің мақсаты - жастардың бойында Қазақстанның өткені мен бүгінгі өмірін салыстыра отырып, өз еліміздің даму тарихы туралы танымдарын қалыптастыру арқылы тәуелсіздік күні туралы терең мағлұмат беру, Тәуелсіздік үшін күрескен желтоқсан құрбандарының ерлігі жайында түсіндіру, патриоттық тәрбие беру арқылы, жастардың өткен тарихқа деген қызығушылығын ояту.

Кеш барысы ҚР Әнұранының орындалуымен және желтоқсан құрбандарын еске алу үшін бір минуттық үнсіздіктің жариялануымен басталып, жатақхананың өнерлі жастарының ұйымдастыруымен өткен әсерлі концертке ұласты. Мерекелік концертте желтоқсан құрбандарын еске алып, видеофильм көрсетіліп, «Желтоқсан желі...» атты көрініс өте әсерлі болды.

Студенттер ән мен биден шашу шашып, кеш қонақтарына жақсы көңіл- күй сыйлады. Әсіресе, «Қазақтың елі», «Желтоқсан желі ызғарлы», «Атамекен» атты патриоттық әндер кештің көркін әрлендіре түсті.

Бiрлiгiмiз бен берекемiз баянды, Тәуелсiздiгiмiз тұғырлы, мемлекеттiгiмiз мәңгi болсын!

А.Туралиева