Body: 

2017 жылғы 9 наурызда № 1 жатақханада «Жатақхана аруы – 2017» атты сұлулық байқауы өтті.

Байқаудың мақсаты –талантты жастарды қолдай отырып, сайыскердің танымдық белсенділігін арттыру, ұлағатты ұлы сөздерден тәлім алып, халқымыздың салт-дәстүрін құрметтеуге тәрбиелеу, сахна өнеріне баулу, жастарды жатақхананың мәдени өміріне белсене араласуға тарту.

«Жатақхана аруы – 2017» атағын иелену үшін ең талантты, ақылына көркі сай І курс студенттері арасынан 8 ару сынға түсті.

«Сәлемдесу» атты бірінші кезеңде байқауға қатысушылар өздерінің қызығушылықтары туралы қысқаша баяндады. «Өз өнерін көрсету» атты екінші кезеңде бойжеткендер бірі домбырада күй тартса, кейбірі шарықтата ән салды, енді бірі «Жетім қыздың монологын» оқып шеберліктерін көрсетті. «Интеллектуалды сұрақ-жауап» атты үшінші кезеңде қатысушылар қазақтың салт-дәстүрлері және ел тәуелсіздігіне қатысты сұрақтарға жауап берді. Аруларымыз «Ас мәзірі» сайысында да әділ-қазылар алқасының көңілінен шығуға тырысты.

Әсіресе қатысушылардың түрлі материалдардан жасалған сәнді киім үлгілерін көрсету кезеңі әсерлі болды. Өз қиялдарына сай жасаған кешкі сәнді киім үлгілерін көрсету арқылы сұлулар өздерінің тұлғалық нәзік те сұлу, талғампаз екендіктерін паш етті.

Әділқазылар ақылдаса келе мынадай шешім жариялады:
«Өнерлі ару» - Кащеева Виталина;
«Көрікті ару» - Бахтиярова Бақытнұр;
«Көрермен көзайымы» - Жәкенова Аяулым;
«Инабатты ару» - Әлішер Айдана;
І орын – Нағызханова Асыл;
ІІ орын - Шарапат Аружан;
ІІІ орын - Доллорес Динара;
Сайыстың бас жүлдесі - «Жатақхана аруы – 2017» атағына Рамазанова Аружан лайықты деп танылды.

Байқау өте қызықты да тартысты және есте қаларлықтай өтті.


А.Туралиева