Body: 

Көлік және коммуникация колледжі жыл сайын «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты жас ақындар мүшәйрасын дәстүрлі түрде өткізіп келеді. Биылғы 2017 жылғы 29 қарашадағы мүшәйра ерекше аталып өтті. Себебі, бұл мерейтойлық V дәстүрлі ақындар мүшәйрасы.

Елімізде 2012 жылдан бастап 1 желтоқсан- Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні ретінде кеңінен атап өтуде. Осымен алтыншы жыл қатарынан мемлекеттік мереке ретінде күнтізбеге қызыл белгімен енген бұл күн еліміз үшін орны бөлек. Бұл күні Мемлекет басшысы қалың елі қазағына тебірене тұрып – «Мен үшін елімді дамыған елдердің сапына тұрғызып, санатына қосудан үлкен мақсат жоқ», олай болса «Қазақтың өзінің ұлттық қасиеттерінің қайта қалыптасуына қамқорлық жасау Президенттік те, перзенттік парызым» -деп ант қабылдаған күні болатын.

Биыл бұл мереке Алаш қозғалысының 100 жылдығы және әр қазақтың жүрек түкпірінен орын алатын киелі мекен- Астана қаласының Елорда болуының 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.

Осыған орай, жас ақындарымыз «Бір Отан! Бір тағдыр! Бір Елбасы!»- деп ұрандай келе «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты V дәстүрлі мерейтойлық ақындар мүшәйрасында "Елі құрмет тұтқан, Елағамыз", Елбасымыз- Н.Ә.Назарбаевтың өмір жолын жырға қосты.

Мүшәйраның басты мақсаты - еліміздің бүгінгі тыныс-тіршілігін, жетістіктері мен жарқын болашағы, бірлігі мен берекесін Мемлекет басшысының еңбегімен байланыстырған жас ақындардың өлеңдерін көркемдеп оқу ғана емес, олардың қабілет-қарымын анықтау.

Осы салтанатты іс- шара колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлының құттықтау сөзімен ашылды. Жыр сүйер қауымды Тұңғыш Президент күнімен және алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады. "Тарих тұрғысынан қарағанда қас қағым сәт, соған қарамастан бұл мереке нағыз халықтық сипатқа ие болды"-дей отырып,егемен еліміздің гүлденуі мен тұрақтылығы жолында табысқа жете берулеріне тілек білдірді.

"Өлең жазғанның бәрі ақын болуы міндетті емес. Дегенмен, «Бұлақ көрсең көзін аш» деуші еді ғой, атам қазақ. Біз де жастарға "Талаптарыңа нұр жаусын!" - дей отырып, жас ақындарымызға сәттілік тілейміз! - деп, құттықтау сөзін аяқтады.

Бүгінгі жыр мүшәйрасына арнайы шақыртылған кеш қонағы - Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Франц Кафка медалінің иегері Асқар Алтайға сөз берілді. Ақын өзінің құттықтау сөзінде Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуі жолындағы Елбасының еңбегін айта отырып, ерен еңбектерін жастарға үлгі етті. Тұңғыш Елбасы күніне ұйымдастырылған іс- шараға атсалысқан ақындар мен қатысушыларға алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.

Жыр додасына қазылар алқасының мүшелері ретінде белгілі ақындар арнайы шақыртылды. Атап айтар болсақ,
1.Бауыржан Қарақызұлы - ақын, әдебиет порталы интернет жобасының жетекшісі, қазылар алқасының төрағасы;
2.Құралай Омар – ақын, Қазақстан телеарнасының редакторы, «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы, Президент стипендиясының иегері;
3. Қасқатаева Нұрзила Ғалымжанқызы- Астана қаласы Тілдерді дамыту және үйлестіру жұмысы бөлімінің басшысы;
4. Ахметов Мұңсызбай Дүйсенұлы- ақын, мемлекеттік тіл жанашыры.

Ақындар мүшәйрасы үш кезеңнен тұрды:
1 кезең: Колледждің студенттері арасынан жас ақындардың өлең – жырларына кезек беру.
2 кезең: Ұлағатты ұстаздардың өлең –жырлары.
3 кезең: Ақындардың өнерін бағалап, марапаттау.

Мүшәйраға 1,2,3 курс студенттері және оқытушылар арасынан 20 ақын бақ сынасты. Елбасының өмір жолынан арнайы түсірілген бейнежазба көрсетіліп, жас ақындарымыздың өлең-жырлары слайд арқылы көрсетілді.

Қазылар алқасы ақындардың өлең-жырларын іріктеу барысында өлеңнің тақырыбына мән беріп, мазмұны мен көркемдік сапасына назар аударды.Қазылар алқасының төрағасы Бауыржан Қарақызұлы - сөз қадірі мен жыр жолдарының маңыздылығын, ақындардың өлең- жырды өрнектеудегі өзіндік ізденістерін айта отырып, оқытушылар мен студенттер арасынан үздік өнер көрсеткендерге арнайы жүлделі орындарды белгіледі. Оқытушылардың арасынан: І-орын кадрлар бөлімінің қызметкері-Нұржақыпова Фариза Баққазықызы; ІІ-орын арнайы пәндер оқытушысы- Бақыт Ұланбек; ІІІ-орын арнайы пәндер оқытушысы - Бота Сайранкөкке берілді. Ал студенттер арасынан: І-орын Исаева Диляра, ІІ-орын Қаратай Санжар, ІІІ-орынды Елтайұлы Мұхтархан иеленді.

Бауыржан Қарақызұлы -жеңімпаздарға алғыс білдіре отырып, үздік өнер көрсетіп, жүлделі орындарды жеңіп алған жастарға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттарын, Елбасына және Елордамыз Астанаға арнаған жас ақындарымыздың V дәстүрлі жыр мүшәйрасының өлең-жырлары топтамасын өз қолымен табыстады.

Салтанатты іс-шара көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Жарылқасын Дәулеттің «Қазақтай ел қайда?!» әні - ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісінің иегері, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты Нұрболат Сейтмұратовтің орындауында шырқалды.


С.А. Алимова