Body: 

Астанада АИТВ-инфекциясының алдын алуға арналған суреттер мен шығармалар байқауының қорытындысы шығарылды. Іс-шара Дүниежүзілік ЖИТС-пен күресу күніне орайластырылған болатын. Оны Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары мен колледждердің әкімшіліктері бірлесе ұйымдастырып, өткізді. Байқауға Жоғары медициналық колледж, Гуманитарлық колледж, «Даналық» медициналық колледжі, АСУ гуманитарлық-техникалық колледжі, басқару колледжі, көлік және коммуникация колледжінің студенттері қатысқан еді.

Байқаудың ұйымдастыру комитетіне студенттердің ондаған жұмысы келіп түсті – мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылған шығармалар, әр түрлі техникада орындалған суреттер. Әрқайсысын жақсылап зерделеп, қазылар алқасы келесі шешімді қабылдады – шығарма сайысында 1С-217 тобының студенті Әдиқызы Асылайдың жұмысы үздік танылды. 2ЭН-216 тобының студенті Абылай Мақажан сурет байқауында жүлдеге ие болды.

Жеңімпаздарды марапаттау «Денсаулыққа құқығым бар» («Право на здоровье») акциясында өтті. Студенттерге құнды сыйлықтар табысталды және олар өз жұмыстарын елорда тұрғындарына көрсету мүмкіндігіне ие болды. Жеңімпаздарды қолдау мақсатында марапттауға 1С-217 тобы және топ жетекшісі Ардақ Бкайдарқызы қатысты.


А.Бекенова