Body: 

2017 жылғы 27 желтоқсанда Кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен колледж оқытушылары мен қызметкерлердің балаларына арналған Жаңа жылдық ертеңгілік өткізілді. Жылдың әдемі әрі қайталанбас мерекесі, үлкен мен кішіге бірдей тамаша думан сыйлайтын Жаңа Жыл мерекесімен жиналғандарды колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлы келіп құттықтады. Таңғажайып Жаңа жыл мерекесінің айрықшылығын айта келе, оқу орда басшысы кішкентай балақайларға сиқырлы әлемнің тылсымын сезінуді тіледі.

Осыдан кейін шыршаның қасына жиналған бүлдіршіндер жаңа жылдың басты кейіпкерлері Аяз Ата мен Ақшақарды дауыстап шақырды. Жиналған қонақтардың алдына шыққан Аяз Ата мен Ақшақар өздерімен бірге ескі жыл иесі Тауық пен жаңа жыл иесі Сары Итті ерте келді. Сонымен қатар, ертегілік кейіпкерлер - Маша мен Аю, Гномдар, Қолтырауындар, Сары балапандар ортаға шығып, балақайлардың көңілін көтерді, түрлі ойындар өткізді. Балалар өз өнерлерін ортаға салып, ән шырқап, көңілді би билеп, өлеңдер оқыды. Барлық қатысушылар сергек және көңілді күймен мерекені жақсы өткізді. Қойылым соңында Аяз Ата мен Ақшақар әр бүлдіршінге жаңа жылдық естелік сыйлықтар табыстады.

Мерекелік іс-шара қатысушы көрермендердің көңілінен шықты.

А. Далабаева