Body: 

2018 жылғы 1 наурызда, яғни Алғыс күні Колледжімізде «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, қоғам қайраткері, қазақ тілінің жанашыры Асанғазы Оразкүл Асанғазықызымен кездесу өтті.

Бүгін колледж үшін ерекше күн болды. Бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, қазақ тілінің жанашыры Оразкүл Асанғазықызымен өткен кездесу көктемнің алғашқы күні және 1-наурыз Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келді. . Қасиетті өлкемізде елге адал қызмет етіп, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген Оразкүл Асанғазықызының қажырлы еңбегі мен өнегелі өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі тұтып, рухани мол азық беретін кездесу кеші болды. Кештің салтанатты ашылуы колледждің көркемдік жетекшісі Сейтмуратов Нұрболаттың «Қыздарға әсемдік жарасады» әнімен басталды.

Сөз кезегін алған Оразкүл Асанғазықызы колледж ұжымы мен оқытушыларды, студенттерді бүгінгі алғыс айту күнімен құттықтап, жастарды жеке дара өмір жолымен тереңірек таныстырды. Ағымдағы жылдың Қазақстан халқы үшін ерекше жыл болғанын, Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» мақаласында латын әрпіне көшу тарихи оқиға болғанын, сонымен қатар, биылғы жыл Мағжан Жұмабаевтың өмірін насихаттау жылы екенін айтты. Алаш қозғалысының қайраткері, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерінен, өмірінен үзінділер келтіріп оқыды. Студенттер тіл жанашырына өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, ойларын жеткізді. Оразкүл Асанғазықызы «қазіргі жастардың бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді?» деген студенттің сұрағына, «қазіргі жастар білімді, өнерлі, өнегелі, көзі ашық, Мағжан атамыз айтқандай, «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» қазақ жастары өсіп келеді, жастардың бойынан батырлықты, қайсарлықты, жігерлікті көргім келеді»,- деп жауап берді.

Кездесу кеші құнды өнегелі дүниеге толы болды. Сөз соңында Оразкүл Асанғазықызы студенттік өмірінде болған қызықты оқиғалардан да сыр шертіп, студенттерді қуанышқа бөледі. Студенттік өмірдің жасдәурен кезең екенін, осы тамаша сәттерін білім алуға, дүниетанымдарын кеңейтуге, таңдаған мамандықтарын толыққанды игеруге тілектестігін білдірді.

Л.К.Нығыметова