Body: 

2018 жылы 16 наурыз күні колледжде «Армысың, әз Наурыз!» атты мерекелік іс-шара өтті. Колледждің кіреберіс залында бірнеше ақ дастархан жайылып, жайғастырылған этноауыл орналасты. Қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татқызған бұл жәрмеңке қонақтарымызды концерттік бағдарламаны тамашалауға шақырды. «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деп ұлы Абайдың өлеңінде жырланғандай, көпшілікке «Көрісу» театрландырылған көрінісі ұсынылды.

Қырықтың бірі – Қыдыр атамыз батасын беріп, Наурыз думанның шымылдығы колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлының құттықтау сөзімен жалғасты. «Ардақты әлеует! Елімізде соңғы 3 жылда наурыз айы – «Алғыс айту» күнімен басталып, 8-наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі, Көрісу күні сияқты ізгі дәстүрлі мерекелермен жалғасын тауып келеді. Ал, Наурыз – бұл тек көктемнің ғана емес, бұл ең әуелі ізгілік пен жақсылықтың мейрамы» деп сөзін жалғай келе, Ұлыстың күнінде бірлік пен ынтымағымыз мызғымай, жыл ырысты болуын тіледі.

Жүргізушілер Наурыз-думанның қонақтарын таныстыра келе Ілтипат-тілек білдіру ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру Әдістемелік орталық директорының орынбасары, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазықызына берілді. Оразкүл Асанғазықызы Білім ордасында жасалып жатқан Наурыз мерекесінің осындай дүбірлі тойын ұйымдастыруда колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлына алғысын білдірді. Табиғатпен үйлесімді күн кешкен осынау мерекеде шаттық пен ырыс-молшылық төрден орын алғанына шексіз алғысын жеткізді.

Іс-шараның келесі бөлімі Марапаттау рәсіміне ұласты. Үздіктер қатарында: «Үздік безендіру» номинациясында - колледждің Әкімшілік шаруашылығы (I-орын), «Дастархан мәзірі» номинациясында - «РЭС, ОЭО,ТЭТР» бөлімі (бас жүлде) және де «Ең үздік ұлттық киім» аталымында - оқытушы А.Б.Бекенова жеңімпаз атанды.

Қонақ-кәде сыйлығын жасаған - колледждің түлегі Руслан Кадиров басқаратын «Ватан» лезгинка мектебінен тарту ретінде Кавказ халқының ұлттық биіне ыстық ықылас көрсетілді.

«Қазақстан дауысы» Батырхан Шукенов атындағы Республикалық ән байқауының гран-при жүлдегері Ербол Тәжібаев «Наурыз-Думан» әнін орындады. Сазды шырқалған әндер қатарында «Наурыз көктем»(орындаушысы - Л.Қ.Нығыметова), «Қазақтың дәстүрлері-ай» (орындаушысы –Ж.Б.Шаяхметова) және көрермендердің қалың қошеметіне бөленген әннің бірегейі «Астана вальсі» болды.

Шебер орындаған оқытушы Лира Қасқырбаевна мен Қаратай Санжарға қол соғу толассыз болды. Республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты Нұрболат Сейтмұратов «Кең далам» әнімен мерекелік залды әсем әуенге бөлеп, жиналған қауымды тамсандырды.


А.Е.Дюсекова