Body: 

2019 жылдың 27 наурызы күні №2 студенттер үйінде «Діни сауатсыздық-экстремизімнің бастауы» тақырыбында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығының маманы, теолог Ыбышев Ерхан Талғатұлымен кездесу өткізілді.
Ерхан Талғатұлы өз баяндамасында Діни экстремизммен бүкіл қоғам болып күресуіміз қажет екендігін жастарға түсіндірді. Қазақстан Республикасының Ата Заңының бірінші бабының бірінші тармағында көрсетілгендей Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары екенін сөзге тиек еткен теолог жастарға аталмыш тақырып бойынша ата заңымызда не айтылғанын баяндады.
Ислам сөзін қазақшаға аударғанда «бейбітшілік» деген ұғымды білдіреді. Діни экстремистер мен теріс пиғылды топтар мүшелерінің шынайы исламмен қиыспайтын жері – олар ислам тыйым салған көптеген әрекеттерге барады. Бұл ағымдардың қоғам үшін қауіптілігі сонда, олар өз қатарына жастарды, қалаға жұмыс іздеп келген ауыл жастары мен шоғырланып тұратын студенттерді көп тартады. Қатарына қосу үшін жастардың рухани және материалдық қажеттіліктерін, әлеуметтік қиыншылықтарын, сондай-ақ, ғибадаттар мен киімі, жүріс-тұрысы тәрізді діннің сыртқы формаларына деген қызығушылықтарын қанағаттандыра отырып, әрқилы тәсілдерді пайдаланады. Осы орайда, еліміздегі діни экстремизмді болдырмау және оның алдын алу үшін шешуші қадамдар жасау қажет. Олардың ішінде мынадай жұмыстарды атқарған жөн:
* жастардың білімін жетілдіруге, мәдени өмірге, спортқа және бос уақытты өткізудің басқа да пайдалы түрлеріне қатысуына кең мүмкіндіктер жасау;
* жасөспірімдер мен жастардың дін, ар-ұждан саласындағы біліміне қатысты сұрақтарына жауап іздеу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу керек.
Сондықтан да бүгінгі таңда барлық қазақ халқы, яғни көзі ашық көкірегі ояу барлық азаматтарымыз тәуелсіздігімізді, дінімізді, тілімізді, береке бірлігімізді әрбір сәт, әрбір минут қорғауымыз қажеттігін баяндады. Тәжірибелі маманның баяндамасыз қалтқысыз тыңдаған жастар бұл кездесуден үлкен сабақ алды.

 

 

№2 студенттер үйінің тәрбиешісі Ж.Д.Мұса