Body: 

3 мамыр күні Елбасымыз, Ұлт Көсбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен «2019 жыл – Жастар жылы» болып жариялануына байланысты колледждің ұл студенттері арасында сегіз қырлы, бір сырлы жігіттерді тану, жастарды ұлттық салт-дәстүр негізінде білімін кеңейтуге, ұлтжандылыққа, ұлтына деген патриоттық сезімін қалыптастыруға, ұлттық рухты көтеретін өнерді насихаттау мақсатында «Жігіт сұлтаны-2019» атты байқау өткізілді.
Байқауды колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлы ашып, қазақ елінің мәртебесін асқақтатып, өз елінің патриоты болуға тілек білдіріп, қатысушы жігіттерге сәттілік тіледі.
Қатысушылар «Мен қазақтың ұлымын», «Сегіз қырлы, бір сырлы», «Білгенге маржан», «Күш атасын танымас», «Шебердің қолы ортақ» атты 5 кезеңде сынға түсті. Дүбірлі додаға колледждің білекті де, білімді 11 жігіті бақ сынасты. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей жігіттердің сегіз қырлы бір қырлы екені байқау барысында байқалды.
Жігіттердің өнері мен тапқырлығын Қазақ Ұлттық Өнер Университеті проректорының орынбасары, музыкалық театрдың режиссеры, аға оқытушы Ержан Құлымбетов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшы орынбасары Ақерке Жуманбаева, колледж дене шынықтыру пәнінің оқытушысы, жаттықтырушы Бағдат Беріковтер бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша 2Д-217 тобының студенті Рысқұлбек Тұрар мен 2ОПУД-217 тобының студенті Ағыбай Нұртөре ІІІ орыннан көрініп, 1ПМ-218 тобының студенті Байқадамов Нұржан ІІ орынға ие болды. І орынмен 1ППС-218 тобының студенті Еркебаев Мақсат еншіледі.
Ал «Жігіт сұлтаны - 2019» атағына ие болып, Бас жүлдемен марапатталған 2ЭТС-217 тобының студенті Болғанбаев Ернарға дипломмен «Жігіт сұлтаны - 2019» атты белбеуі тағылды.
Байқауға қатысқан жігіттерге бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.
Тәуелсіз елдің ұландары осылайша мықтылықтарын танытып, «Жігіт сұлтаны» деген атқа лайық екендіктерін дәлелдеді.

Көркемдік жетекші Н. С. Сейтмұратов