Body: 

Міне, 5 мың жылдан астам уақыт бойы көктемгі күн мен түннің теңелген күні 22 наурызда әлемдегі ежелгі мейрамдардың бірі – Наурыз тойланып келеді. 2017 жылғы 16 наурызда колледждің № 1 жатақханасында халқымыздың ежелден желісі үзілмей жеткен көне салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары рухани, мәдени және адамгершілік сынды қымбат қазыналарымызды дәріптейтін Наурыз мейрамы дәстүрлі түрде ерекше сән-салтанатымен аталып өтілді.

Мерекелік жиынға ардақты және құрметті қонақтар - колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлы және колледж әкімшілігі келіп, Наурыз мейрамын тамашалады.

Құттықтау сөзінде Зулфухар Сұлтанұлы өзінің жүрекжарды лебізін білдірді..

Іс-шара барысында жатақхана ұжымы ұлттық тағамдардан дастархан жайып, өздерінің қонақжайлылығын көрсетті, ұлттық киім киген қыздар наурыз шашуын шашты.

Сонымен қатар, «Тұсаукесер» дәстүрі де көрсетіліп, бұл рәсімді орындауға колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлы сый құрметпен ортаға шақырылды.

Бұл шарада көгімізде әсем әуендер әуелеп, домбырадан күй тартылып, жиналған жұртшылық бір-біріне ақ тілектерін білдірді, ҚР мәдениет қайраткері, белгілі әнші Нұрболат Сейтмұратов әнмен шашу шашып, мерекенің ажарын келтірді.

Қазақ халқының ғасырлық дәстүрін дәріптеу мен мейрамның ізгілік мәнін түсіндіру, жалпыадамзаттық құндылықтарды өркендету мен нығайтуға бағытталған шара осылайша ойдағыдай өтті.

А.Туралиева