Body: 

22 наурыз - Ұлыстың ұлы күнi. Бұл күнi күн мен түн теңеледi.

Біздің колледжіміз де ата-бабадан келе жатқан дәстүрді бұзбай, әз Наурызды тойлауды ертеден бастады. 2017 жылғы 17 наурызда колледж аумағында мерекелік жәрмеңке қойылып, асқақтаған әуен мерекелік көңіл-күйді көтере түсті. Жәрмеңкеде әр бөлімше өздері әзірлеген ұлттық тағам бүрлерін, мерекеге лайықталған бұйымдарын ұсынып, шеберліктерін байқатты. «Ең үздік дастархан» сайысы өткізілді. Спорттық ойын түрлері жұртшылықтың көңілін бірден бауырап алып, делебені қоздыра түсті.

Қадірлі меймандарды құрметпен күтіп алған соң, әсем безендірілген колледждің кең залына колледж директоры Зулфухар Сұлтанұлы Гаипов бастап келді. Олардың арасында колледжіміздің құрметті ардагер оқытушылары, колледжіміздің құрметті түлектері, қалалық Тілдерді дамыту басқармасының, жастар саясаты басқармасының өкілдері, өндіріс басшылары, еңбек ардагерлері және т.б. танымал тұлғалар бар.

Залға келген қонақтарға «Жастар» комитетінің белсенділері өз өнерлерін паш етті. Әншілеріміз әсем әуендерін шырқаса, биші қыздарымыз мың бұралған билерімен келген көрерменді тәнті етті.

Іс-шара барысында мерекеміздің ең қуанышты сәті - марапаттау рәсімі өткізілді. «Ең үздік безендіру» номинациясының Бас жүлдесіне «Д, ППС, С» бөлімі иеленді. Ал «Ең үздік ұлттық киім» номинациясын «Есеп бөлімінің» қызметкері Д.Айтмаганбетова алды. «Ең үздік дастархан» номинациясында «ПМ, ЭТХ, СД, ПОВТ» бөлімі ерекше аталынды.

Сонымен қатар ерен еңбектерімен көзге түскен оқытушылар қауымын ұлықтау рәсімі болды. Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің алғыс хатын М.Б.Жусупов иеленді. Астана қаласының Білім Басқармасының алғыс хатына З.К.Аксеитова, А.Т.Далабаева, Г.Г.Мырзагалиева, А.К.Муканова, Б.Сайранкок ие болды. Колледж директорының алғыс хатымен Қ.Б.Жумабаев, Д.Т.Калиев, А.К.Сундетова, А.Абдибекқызы және А.Мурзалина марапатталды. Колледждің қоғамдық өміріне қатысатын студенттер де өз марапаттарына ие болды. А.Досымова, С.Балтабай, А.Рахимов, А.Божгулова колледж директорының грамоталарымен марапатталды.

Наурыз – ортақ мереке, ортақ той, олай болатын болса ұстаздар қауымы да өз студенттерінен артта қалмады. Ұлы ақынымыз – Абай атамыздың өмір жолынан сыр шегетін кішігірім көріністі қойып, жиналған қауымның ықыласына бөленді.

2017 жылғы 18 наурызда «Жастар» комитетінің белсенділері өз кезектерінде колледжіміздің әлеуметтік серіктесі саналатын «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ» қызметкерлеріне мерекелік бағдарлама қоюға асықты.

Бұл жерде де колледж жастары жиналғандардың ризашылығына бөленіп, үлкендердің батасын алып жатты.

Жылыстап жеткен Жаңа Жылымыз - төл мерекеміз 22 наурыз халықтың басына бақ құсын қондырсын! Молшылық, бақыт, береке, бірлік, бейбіт өмір тілейміз! Ұлыстың Ұлы күнi құтты болсын!


А.Мұратұлы